Қазақстандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру ерекшеліктері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS.2021.v78.i3.14Аннотация
Мақалада қазақстандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің қалыптасу ерекшеліктері қарастырылады. Сонымен қатар, бұл феноменнің тарихы мен қалыптасу ерекшелігі үлкен табыс табу мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арасында тартыстың да бар екендігін көрсетеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі феноменінің шетелдік елдермен салыстырғанда елімізде дамуы әлі де төмен. Соған қарамастан елдегі ірі компаниялар қоғамның әлеуметтік дамуы саласында белсенді жұмыс атқарып отырғандығы белгілі. Қазақстандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту мен ілгерілетудің өзіндік ерекшеліктерін айқындау – негізгі міндет болып табылады. Қазіргі нарық жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелерінің бірі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екендігі айқын.
Зерттеліп отырған феноменнің негізінде қазақстандық модельді қалыптастырудың ерекшеліктерін анықтау мақсатында студент жастар арасында онлайн сауалнама жүргізілді. Терең әлеуметтанулық зерттеулердің қажет екендігін мойындай отырып, бизнестің дамуы – бүгінгі азаматтық қоғамның дамуының бірден бір маңызды индикаторы екендігін атап айтуға болады. Қазақстандық бизнестің барлық салалардағы әлеуметтік жауапкершілігінің қазіргі жағдайына, даму тенденциясына эмпирикалық мәліметтер негізінде талдау жасау кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруларды табысты жүзеге асыру бүгінгі күннің басты мақсаты екендігі айтылады.
Түйін сөздер: бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қазақстандық бизнес, азаматтық қоғам, сенім, табыс.