Цифрлық ортадағы білім беруде студенттердің эмоционалдық тұрақтылығын зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20269614Аннотация
Білім беру ортасының цифрлануы студенттердің оқу қызметінің сипатын едәуір өзгертті, олардың дербестігіне, өзін-өзі ұйымдастыруына және ақпараттық әрі эмоционалдық жүктемелерді еңсеру қабілетіне қойылатын талаптарды күшейтті. Осындай жағдайда студенттердің цифрлық білім беру форматтарына табысты бейімделуін қамтамасыз ететін психологиялық ресурс ретінде эмоционалдық тұрақтылықтың маңызы арта түседі. Зерттеудің мақсаты – цифрлық білім беру ортасы жағдайында студенттердің эмоционалдық тұрақтылығының ерекшеліктерін анықтау және білім алушылардың тұлғалық сипаттамалары мен олардың цифрлық оқытуға бейімделу, психологиялық әл-ауқатын сақтау қабілеттері арасындағы өзара байланысты талдау. Зерттеудің әдіснамалық негізін студенттердің тұлғалық және бейімделу ресурстарын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін психодиагностикалық әдістер құрады. Эмпирикалық зерттеуде Р. МакКрае мен П. Костаның «Тұлғаның бес факторлы сауалнамасы» (Big Five) қолданылды, ол тұлғаның негізгі сипаттамаларын анықтауға бағытталған. Сонымен қатар Коннор–Дэвидсонның «Психологиялық тұрақтылық шкаласы» (CD-RISC) пайдаланылды, бұл әдістеме тұлғаның стресс төзімділігі, өзін-өзі реттеу және бейімделу мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері студенттердің көпшілігі эмоционалдық тұрақтылық пен психологиялық тұрақтылықтың орташа деңгейін көрсететінін анықтады. Сонымен қатар саналылық (жауапкершілік) пен тәжірибеге ашықтық сияқты тұлғалық қасиеттер психологиялық тұрақтылық деңгейімен оң байланыста екені, ал нейротизмнің жоғары деңгейі бейімделу ресурстарының төмендеуімен қатар жүретіні анықталды. Корреляциялық талдау студенттердің тұлғалық ерекшеліктері мен олардың цифрлық оқыту жағдайына тиімді бейімделу қабілеті арасында статистикалық мәнді байланыс бар екенін көрсетті. Зерттеудің ғылыми құндылығы – эмоционалдық тұрақтылықтың студенттердің цифрлық білім беру ортасына табысты бейімделуінің маңызды психологиялық факторы ретіндегі рөлін нақтылауда және білім беру қызметінің тиімділігіне әсер ететін тұлғалық детерминанттарды айқындауда көрінеді. Жұмыстың практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді студенттерге психологиялық қолдау көрсету бағдарламаларын әзірлеуде, атап айтқанда өзін-өзі реттеу, стресс төзімділігі және цифрлық білім беру ортасына эмоционалдық бейімделу дағдыларын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жасау барысында қолдану мүмкіндігімен анықталады.
- Түйін сөздер: эмоционалды тұрақтылық, цифрлық білім беру ортасы, студенттер, техностресс, өзін-өзі реттеу, академиялық жетістік, қашықтықтан оқыту.









