Этносаралық шиеленіс жағдайында сенімнің медиаторлық рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20269615Аннотация
Қазақстанның көпэтносты қоғамында сенім мен этникалық төзімділік этносаралық қатынастардың тұрақтылығының маңызды шарттары болып табылады. Дағдарыс кезеңдерінде этникалық фактордың рөлі артып, ол бір жағынан этникалық бірегейлікті күшейтуге, екінші жағынан этноцентризм қаупінің туындауына да алып келуі мүмкін. Сондықтан сенімнің медиатор ретіндегі рөлін зерттеу айрықша өзекті етеді.
Зерттеудің мақсаты – сенімнің әртүрлі этноұлттық ұстанымдар (патриоттық, ұлттық, бейтарап және негативистік) мен этникалық төзімділік арасындағы өзара байланыстағы рөлін анықтау. Болжам бойынша, сенім теріс ұстанымдардың тікелей әсерін әлсіретіп, оң әсерлерді күшейтеді және этносаралық шиеленістің ушығуына жол бермейді.
Зерттеудің ғылыми маңыздылығы толеранттылықтың қалыптасуындағы психологиялық механизмдерді нақтылауында, ал практикалық маңыздылығы – этносаралық қақтығыстардың алдын алу және әлеуметтік бірлікті нығайту үшін алынған нәтижелерді қолдану мүмкіндігінде.
Әдіснама негізіне генерализденген сенім шкаласы (Е.А. Власенконың бейімделуі), этноұлттық ұстанымдар сауалнамасы (О.Е. Хухлаев және әріптестері) және «Төзімділік индексі» (Г.У. Солдатова және әріптестерінің әдістемесі, О.А. Гулевич және т.б. бейімдеуі) алынды. Зерттеуге Алматы қаласының 208 тұрғыны қатысты. Мәліметтерді талдау IBM SPSS Statistics 27 бағдарламасында A. Hayes әзірлеген PROCESS пакеті арқылы жүргізілді (4-модель, 5000 іріктемелі бутстрэппинг).
Нәтижелер көрсеткендей, сенімнің патриоттық ұстанымдар үшін толық медиатор, бейтарап және негативистік ұстанымдар үшін ішінара медиатор болып шықты, ал ұлттық ұстанымдар этникалық толеранттылықпен тікелей және оң байланысты екенін көрсетті. Мұндай профиль қазақстандық контекстімен түсіндіріледі: мұнда ұлттық ұстанымдар азаматтық бірегейлік пен мәдениетке деген мақтаныш ретінде, ал негативизм этносаясаттан алшақтық ретінде қарастырылады.
Зерттеудің құндылығы – сенімнің этносаралық интеграция ресурсы ретіндегі әмбебап рөлін айқындау. Алынған нәтижелердің практикалық маңызы – оларды этносаралық келісім мен әлеуметтік бірлікті нығайту стратегияларын әзірлеуде қолдану мүмкіндігі.
Түйін сөздер: сенім, этникалық төзімділік, этноұлттық ұстанымдар, медиаторлық талдау, көп этносты қоғам.









