Қазақстандық жастардың әл-ауқатын қалыптастырудағы бірегейліктің рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS202593206Аннотация
Бірегейлік пен әл-ауқаттың өзара байланысы қазіргі әлеуметтанулық зерттеулердің басты тақырыптарының бірі болып табылады. Бұл зерттеу 18 бен 35 жас аралығындағы жастар арасындағы әл-ауқат көрсеткіштеріне бірегейліктің әртүрлі стильдерінің (ақпараттық, нормативтік және диффузиялық-аулақ) әсерін талдауға бағытталған. Мақсатқа жету үшін ISI-5 бірегейлік стилінің сауалнамасы мен Gallup Healthways Well-being Index әл-ауқат индексін қамтитын кешенді әдістеме қолданылды. ISI-5 сауалнамасы бірегейлікті өңдеудің үш стилін бағалауға мүмкіндік береді: ақпаратты белсенді іздеумен және талдаумен байланысты ақпараттық; әлеуметтік нормалар мен үміттерді ұстануға негізделген нормативтік; және диффузиялық-аулақ, болашақ туралы күрделі шешімдер мен ойлардан аулақ болумен сипатталады. Gallup Healthways Well-being Index әл-ауқатты алты негізгі бағыт арқылы өлшейді: өмірді субъективті бағалау, эмоционалды және физикалық денсаулық, салауатты мінез-құлық, жұмыс ортасына қанағаттану және негізгі ресурстарға қол жеткізу. Әлеуметтік сауалнама Қазақстанның барлық өңірлерін, соның ішінде республикалық маңызы бар қалаларды, облыс орталықтары мен ауылдық елді мекендерді қамтыды. Деректерді жинау респонденттердің қалауын ескере отырып, екі тілде - қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бірегейліктің ақпараттық стилі эмоционалды тұрақтылық пен өмірге қанағаттану деңгейіне оң әсер ететінін көрсетті, нормативтік стиль тұрақтылық пен қауіпсіздік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, ал диффузиялық-аулақ стиль стрессті уақытша төмендетеді, бірақ ұзақ мерзімді өмір сүру перспективаларын шектейді. Зерттеу нәтижелері бар әдебиеттерді жаңа эмпирикалық деректермен толықтыра отырып, бірегейлік пен әл-ауқаттың байланысын зерттеуге айтарлықтай үлес қосады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы оны Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени трансформациялар жағдайында жастардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған әлеуметтік саясат пен бағдарламаларды әзірлеу үшін пайдалану болып табылады.
Түйін сөздер: бірегейлік, амандық, бірегейлік стилі, қазақстандық жастар.