«Шетел тілі» мамандығы бойынша ЖОО студенттерінің кәсіби құндылық бағдарлары (әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS.2023.v84.i1.010Аннотация
Қазіргі қоғамдағы терең өзгерістер және ондағы нарықтық қатынастардың дамуы кез-келген ел азаматтарының өмірлік құндылықтар жүйесінің өзгеруіне әкелді. Өзгерген құндылық бағдарлары жаңа ұрпақ өкілдерінің кәсіби өзін-өзі анықтауына тікелей әсер етеді. Бұл олардың дүниетанымдық көзқарастарын да, еңбек нарығының тұрақсыз жағдайларын да ескере отырып, жастармен кәсіби бағдарлау жұмысының алдыңғы формаларынан өзгеше басқа түрлерін талап етеді.
Зеттеудің мақсаты – еңбек нарығында өзін-өзі табысты жүзеге асыру үшін Қазақстан, Ресей және Қытайдың ЖОО-да «Шетел тілі» мамандығы бойынша білім алушылардың негізгі құндылық бағдарларының спектрін және еңбек құндылықтарының рөлі мен маңыздылығын анықтау. Социологиялық зерттеудің эмпирикалық бөлігін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан), Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті (Ресей) және Далян шет тілдер университетінің (Қытай) Шетел тілдері факультетінің күндізгі бөлімдерінде оқитын студенттерінен сауалнама әдісі арқылы жүргізілген зерттеу құрайды. Респонденттердің жалпы саны 300 адам. Сыртқы себептердің әсерінен өзгерген құндылық құрылымы мен жастардың кәсіби қалауы, олардың меңгеріп жатқан кәсібіне деген көзқарасы және оның жеке өмірлік жоспарларын жүзеге асырудағы рөлі туралы көзқарастары жан-жақты талданды. Студент жастардың әлеуметтік-кәсіби өзін-өзі анықтау факторлары анықталды. Әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан мен Ресей жастары үшін болшақ жұмыста маңыздылардың бірі – қызықты жұмыс бол-са, ал Қытай студенттері үшін жұмыста дағдыларды дамыту мүмкіндігінің болуы айқындалды. Үш елдің түлектеріне де ортақ құндылықтар, ол «өз мүдделеріне, мақсаттарына қол жету үшін» шет тілі мамандығында білім алып жатқандары, сонымен қатар ЖОО-да «оқу профилін саналы түрде таңдағаны» және «болашақта өз мамандығы бойынша жұмыс істейтіні» белгілі болды.
Түйін сөздер: жастар, құндылық, құндылық бағдарлары, шет тілі, мамандық таңдау