А. Антоновскийдің салютогенез концепциясындағы денсаулық моделі және стресс
Аннотация
Мақалада А. Антоновскийдің салютогенез концепциясындағы денсаулық моделі және стресс жайлы талданады. Медицинада үш жүз жыл бойы анықталып келе жатқан патогенез (грекше pathein – азап шегу, genesis – шығу тегі) парадигмасы ауру, ауырып қалу азабын айта отырып, сол аурудың шығуын зерттейді, сол аурумен қалай күресуге болады, оның алдын қалай алуға болады деген сұрақтар алдыңғы жоспарда болмайды.
Салютогенез физикалық, жан және рухани денсаулықты негізге алады. «Салютогенез» латынның «salus, salutis» – «денсаулық, айығу» және гректің «genesis» – «шығу тегі» атты сөздерінен құралған. Салютогенез адам стресстердің әсеріне қарамастан әрі соматикалық әрі психикалық дені сау болып қала алады деген идеяны басшылыққа алады.
А. Антоновский әртүрлі этностық топтардағы израиль әйелдерінің климактерлі кезеңге бейімделуін зерттейді. Сондай топтардың бірінде нацистік концлагерде болған еврей әйелдері болды. А. Антоновский келесі фактіні анықтайды, сол әйелдер концлагердің жауыздығы мен сұмдығын көре отырып денсаулықтарын сақтай алған. Осыны байқаған А. Антоновский салютогенез позициясы тұрғысынан келесі сұрақты тұжырымдайды: ауыр стресске қарамастан неге кейбір адамдар дені сау болып қала береді?
А. Антоновский келесі жағдайды анықтады, сол әйелдердің біразы бақылау тобына (ешқашанда концентрациялық лагерьде болмаған әйелдер) қарағанда соншалықты жарақаттанған тәжірибелеріне қарамастан бейімделуі олардан кем болмаған, олар психикалық дені сау және бақытты, жас ерекшеліктеріне орай болатын өзгерістерді де жақсы өткізген. Олардың күйлері стресстің күшімен анықталмаған, олар стресске қарамастан дені сау болып әрі стрессті өз пайдасына шеше білуге көмектескен факторлармен анықталды.
А. Антоновский аса қатты айқын көрінген басты сапаны «sense of coherence» – «байланысқан, орамды сезімді», яғни өмірлік өзара байланыстарды бөліп алды. А. Антоновский байланысқан, орамды сезімдерді «тұлғаның жалпы бағдарлануы» деп анықтайды, ол үш факторларға негізделеді: түсінілген, басқарылатын және ұғынылатын.
А. Антоновскийдің салютогенез концепциясындағы үш факторды – түсіну (түсінерлік сезім); орындалу (басқара алу); ұғыну туралы айта отырып, осы үш аспект қабілеттерге айналады, соны когеренттілік сезімі (келісімділік, байланыстырылған, орамдылық) деп түсіндіре отырып, адам өзінде және қоршаған әлемде мағыналық өзара байланыстарды басынан өткізеді. Адам өзін және әлемді танығанда, ішкі тіректі, ұғынылған бір нәрсені жасай алатын жасаушы (творец) ретінде сезінген кезде оның тәні, жаны, рухани әлемі, әлеуметтік жағы неғұрлым сау болуғамүмкіндігі көп болады, өмірлік қиындықтарға сынып кетпейді. Когеренттілік сезімі стресстерді дұрыс қолдануға көмектеседі.
Когеренттілік сезімі іштен және сырттан келетін алғашқы конструкт, стимул ол реттелінген болып саналады. Біздің организмнің, психиканың ресурстары сол стимулдар талап ететін талаптарға толық жауап бере алады. Ол стимулдар – шақырулар (вызов) оларды қабылдай білу керек, оған энергияны салу қажет, қарсыласа білу маңызды. «Sense of coherence» – байланысқан, орамды сезімдерге ие болғандар барлық өтіп жатқандардан белгілі бір реттілікті көреді, өтіп жатқан оқиғаларды түсіне алатынын сезінеді, өтіп жатқандарды қадағалай алуға, басқара алуға және өзіне көмектесу үшін өздерінде дағдылар, қабілеттер, ресурстар бар деп сенімді болады.
Түйін сөздер: психологиялық денсаулық, патогенез, салютогенез концепциясы, когеренттілік сезімі, психиканың ресурстары, стрессогенді факторлар, түсінерлік сезім, басқара алу, эмоциялық ұғыну.