Некелік қатынас сапасын бағалауға арналған авторлық әдістеменің конвергентті валидтілігі және психометриялық қасиеттері

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JPsS20269833

Аңдатпа

Некелік қатынас сапасы ерлі-зайыптылардың психологиялық салауаттылығы мен отбасының тұрақтылығымен байланысты маңызды психологиялық факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты некелік қатынас сапасын оның көпөлшемді құрылымын ескере отырып кешенді бағалауға мүмкіндік беретін психодиагностикалық құралдарды әзірлеу өзекті болып табылады. Зерттеудің мақсаты – некелік қатынас сапасын бағалауға арналған авторлық әдістеменің бастапқы психометриялық қасиеттерін, оның ішінде ішкі үйлесімділігі мен конвергентті валидтілігін бағалау. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы некелік қатынас сапасын өзара байланысты домендер жүйесі арқылы бағалауға мүмкіндік беретін құралды әзірлеу және оның бастапқы психометриялық апробациясын жүргізумен анықталады. Зерттеуге ресми немесе тұрақты некелік қатынастағы 85 респондент қатысты. Әдістеменің ішкі үйлесімділігі Кронбахтың альфа коэффициенті арқылы, домендердің жалпы көрсеткішпен құрылымдық байланыстары Пирсонның корреляция коэффициенті арқылы бағаланды, ал конвергентті валидтілігі авторлық әдістеме нәтижелерін Revised Dyadic Adjustment Scale (RDAS) нәтижелерімен салыстыру негізінде тексерілді. Зерттеу нәтижелері авторлық әдістеменің ішкі үйлесімділігінің өте жоғары деңгейін көрсетті (α = 0,96). Авторлық әдістеме мен RDAS көрсеткіштері арасында күшті оң корреляция анықталды (r = 0,84), бұл оның бастапқы конвергентті валидтілігін растайды. Барлық домендер некелік қатынас сапасының жалпы көрсеткішімен айқын байланыс көрсетті; ең жоғары корреляциялар эмоционалдық қауіпсіздік, диадалық копинг, жұптық автономия және интимдік жақындық бойынша анықталды. Зерттеудің құндылығы некелік қатынас сапасын тек интегралдық көрсеткіш арқылы ғана емес, сонымен қатар оның жекелеген құрылымдық компоненттерінің жүйесі арқылы қарастыру мүмкіндігімен айқындалады, бұл қатынастардың салыстырмалы түрде күшті және осал тұстарын анықтауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер авторлық әдістемені кеңейтілген іріктемелерде одан әрі психометриялық валидациялауға негіз болады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы әдістемені ғылыми зерттеулерде, отбасылық психологиялық кеңес беруде, отбасын қолдау орталықтарында және ерлі-зайыптылармен жүргізілетін психологиялық жұмыстың басқа да бағыттарында қолдану мүмкіндігімен байланысты.

Түйін сөздер: отбасы психологиясы, некелік қатынас сапасы, некелік қатынас ұзақтығы, ерлі-зайыптылар, психологиялық салауаттылық, өмірге қанағаттану.

Автор өмірбаяндары

  • Р. Жолшыбекова, Еуразия ұлттық университеті

    (корреспондент-автор) психология білім беру бағдарламасының 3 курс докторанты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан, e-mail: roza.zholshybekova@gmail.com)

  • Қ. Нағымжанова, Еуразия ұлттық университеті

    педагогика ғылымдарының докторы, психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Л.Н.  Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан, e-mail: enu.psychologists@gmail.com)

  • М. Гювен, Gazi University

    PhD, психологиялық кеңес және бағдар беру кафедрасының профессоры, Гази университеті (Анкара, Түркия, e-mail: mehmetguven@gazi.edu.tr)

Жарияланды

2026-09-17