Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект технологияларына көзқарасының психологиялық факторлары
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20269831Аңдатпа
Жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары мемлекеттік секторға барған сайын кеңінен енгізілуде, алайда оларды қолданудың тиімділігі көбіне мемлекеттік қызметшілердің цифрлық шешімдерді пайдалануға дайындығына байланысты. Бұл мәселеге қызығушылықтың артуына қарамастан, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік басқару жүйесінде ЖИ-ді қабылдауға ықпал ететін психологиялық факторлар туралы эмпирикалық деректер әлі де шектеулі. Зерттеудің мақсаты — Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект технологияларын пайдалануға деген мінез-құлықтық ниетінің психологиялық предикторларын анықтау. Көлденең зерттеуге 170 мемлекеттік қызметші қатысты. Деректерді талдау үшін WLSMV бағалаушысын қолдану арқылы құрылымдық теңдеулерді модельдеу әдісі пайдаланылды. Зерттеуде ЖИ-дің қабылданатын пайдалылығы мен қолдану жеңілдігі, технологияға деген көзқарас, ЖИ мен автоматтандыруға деген сенім, қабылданатын мінез-құлықтық бақылау және өзіндік тиімділік қарастырылды. Нәтижелер ЖИ-дің қабылданатын пайдалылығы мінез-құлықтық ниеттің ең күшті оң предикторы болғанын көрсетті (β = 0,603; p < 0,001). ЖИ-ге деген сенім, қабылданатын мінез-құлықтық бақылау және технологияға деген оң көзқарас бойынша да статистикалық мәнді оң байланыстар анықталды, ал автоматтандыруға деген сенім мінез-құлықтық ниетпен теріс байланысты болды. Жас пен өзіндік тиімділік арасындағы байланыс сауалнаманы толтыру тіліне байланысты ерекшеленді. Зерттеудің ғылыми құндылығы Қазақстанның мемлекеттік секторында ЖИ-ді қабылдаудың психологиялық механизмдері туралы түсініктерді кеңейтумен және Орталық Азия контексіндегі эмпирикалық деректерді толықтырумен айқындалады. Нәтижелердің практикалық маңыздылығы оларды цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттік қызметшілерді оқыту және ұйымдастырушылық қолдау бағдарламаларын әзірлеуде пайдалану мүмкіндігімен анықталады.
Түйін сөздер: жасанды интеллект, психологиялық предикторлар, мемлекеттік қызметшілер, технологияны қабылдау, мінез-құлықтық ниет, ЖИ деген сенім, құрылымдық теңдеулерді модельдеу.









