Прокрастинацияны студенттердің тұлғалық мінездемелерімен байланыстыра отырып зерттеу (Қазақстан мысалында)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS.2019.v69.i2.06Аңдатпа
Студенттік жас адам өміріндегі маңызды кезең болып табылады, ол кезде адам өзінің кәсіби таңдауымен анықталады, ересектік сезіміне ие болады және болашағын жоспарлай бастайды. Оқу және кәсіби саладағы жетістіктер мәнді болып табылады, олар адамның өзіне, өзінің продуктивті іс-әрекет қабілеттілігіне сенімділігін арттырады. Алайда прокрастинация мұндай жетістіктерге жетуге бөгет болады, адам маңызды және өзекті істер мен тапсырмаларды, шешім қабылдауды соңғы сәтке дейін қалтырып отырады. Бұл феноменнің негативті әсері тұлғаның оқу және кәсіби салада табыстылығы мен продуктивтілігінің төмендеуіне алып келеді, олардың дамуына кедергі жасайды. Сонымен қатар прокрастинация ауыр эмоциялық күйзелістерге алып келеді, адам өзінің сәтсіздігі үшін өзін кінәлайды, өз іс-әрекетінің нәтижелеріне қанағаттанбайды. Сол себепті студенттердің бойында прокрастинация не үшін пайда болады және ол олардың тұлғалық сипаттамаларымен байланысты ма деген сұрақтар тауындайды. Бұл зерттеу осы сұрақтарға жауап табуға бағытталған. Зерттеудің мақсаты әртүрлі тұлғалық сипаттамаларға ие студенттердегі прокрастинацияның ерекшеліктерін теориялық және эмпирикалық зерттеу болды. Зерттеу үшін біз келесі болжамды қалыптастырдық: студенттердегі прокрастинация деңгейі мен олардың тұлғалық сипаттамалары арасында өзара байланыс бар. Зерттеу барысында біз келесі әдістемелерді пайдаландық: «Жалпы прокрастинация шкаласы (GPS)»; «Студенттерге арналған прокрастинацияны бағалау шкаласы (PASS)»; «Үлкен бестік тесті (Big five)»; «Академиялық мотивация шкаласы (АМШ)».
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде прокрастинация деңгейі мен экстерналды мотивация арасында оң корреляция анықталды. Дәл осындай байланыс прокрастинация мен амотивация арасында анықталды. Сонымен қатар, экстраверттерде прокрастинация деңгейі жоғары, ал өз іс-әрекетін жақсы ұйымдастыратын студенттер прокрастинацияға бейім болмайтындығын білдік. Бұл зерттеудің нәтижесі педагогтар мен психологтардың іс-әрекетінде, студенттік жаста кездесетін прокрастинациямен жұмыс жасау үшін пайдалы болады.
Кілттік сөздер: прокрастинация, мотивация, экстраверсия, интроверсия
