Әлеуметтік капитал: негізгі концепциялар және стратегиялар

Авторлар

  • Гульнафис Орынбасаровна Абдикерова

Аңдатпа

Әлеуметтік капитал постмодерндік әлеуметтанушылардың зерттеу нысаны болып табылады. Тәжірибеде әлеуметтік капиталдың даму деңгейі бойынша лидерлер ретінде Жаңа Зеландияны, Швейцарияны және Швецияны атайды. Қазақстанда бұл мәселенің аса зерттелмеу себебі «әлеуметтік капитал» салыстырмалы түрде алғанда жаңа ұғым екендігімен және дамыған азаматтық қоғамның дамуымен ерекшеленетін постиндустриалистік қоғамдардың айрықша құзыреттілігі болып есептелетіндігімен де байланысты. Әлеуметтік капиталды зерттеу бәсекеге қабілетті ұлттың қалыптасуының білім, денсаулық, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандырылу сияқты негізгі векторларын анықтайтын әлеуметтенудің базалық жағдайларын жетілдіруге бағытталады. Азаматтардың әлеуметтенуінің осы аспектілерін күшейту арқылы әлеуметтік субъектілердің сенімділік қатынастарын дамытуға болады. Егер шет елдік ғалымдардың зерттеулерінде әлеуметтік капиталдың концептуалдық негіздері, әлеуметтік топтардың өзара әрекеттесу стратегиялары, азаматтық қоғамның түрлі модельдері анық айқындалған болса, онда қазақстандық ғылымда бұл құбылысты зерттеуге, оның әлеуметтанулық ғылымда концептуалдық тұрғыдан анықталуына, азаматтық қоғамның әлеуметтік-мәдени моделін анықтауға қызығушылық енді туындап отыр. Ғылыми перспективада шет ел ғалымдарының әлеуметтік капиталға қатысты концепцияларын зерттеу Қазақстанның әлеуметтанулық ғылымының дамуына мүмкіндік береді. Экономикалық переспективада әлеуметтік капитал еңбек нарығының субъектілерінің ақпараттық кеңістігін нығайтып, өркениетті нарық қатынастарының қалыптасуына мүмкіндік береді; әлеуметтік аспектіде азаматтық қоғам мен азаматтық бірегейліктің қалыптасуына әсер етіп, сенімділік қатынастардың кеңеюіне және әлеуметтік бірлесудің қалыптасуына алып келеді. Мақсат – әлеуметтік капиталды зерттеудің негізгі концептуалдық ыңғайларын зерттеу, қоғамның жаңғыруының жаңа ресурсы ретінде әлеуметтік капиталдың потенциалын айқындау. Зерттеліп отырған мәселенің міндеттері әдіснамалық ыңғайлардың мазмұнын талдаумен және оларға қатысты өзіндік қатынасты анықтаумен және әлеуметтік капиталдың ресурстық потенциалын негіздеумен байланысты. Әлеуметтік капиталды зерттеуге қатысты концептуалдық ыңғайларды анықтамалар түрлеріне қарай топтастыру зерттеудің негізгі нәтижесі болып табылады.

Түйін сөздер: жаңғыру, әлеуметтік капитал, сенім, ынтымақтастық, азаматтық әлеуметтену, топтық бірегейлік.

Жарияланды

2018-02-01