Жоғары білімді таңдаудағы жастар тәжірибелері
Аңдатпа
Осы мақалада посткеңестік Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіндегі қалыптасқан әлеуметтік тәжірибелерге талдау жасалынады. Авторлар аталған тәжірибелерді Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі білім беру жүйесінде орын алған трансформациялық өзгерістерге реакциясының нәтижесі ретінде қарастырады. Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырады: деорталықтандыру мен жоғары оқу орындарының экономикалық еркіндігін кеңейту (Қазақстан); ресурстарды консолидациялау мен еңбек нарығының жаңа шарттарына бейімделу (Тәжікстан); еуропалық стандарттарды енгізу мен оң тәжірибені сақтау (Қырғыстан); жоғары оқу орындарының бюджетін қатаң түрде қадағалау (Өзбекстан). Қазақстан мен Қырғыстандағы жоғары білім беру жүйесіндегі стратегия оның «ішкі және сыртқы» кеңеюіне бағытталған, ал Өзбекстан мен Тәжікстан кәсіптік-техникалық білім берудің сұранысқа негізделген икемді жүйесіне ұмтылады. Кеңес Одағының құлдырауы Қазақстанға елеулі ықпал етті: бұрынғы кеңестік жоғары оқу орындарының көбімен байланыстардың тоқтатылуы еліміздің жоғары мектеп инфраструктурасының толығымен өзгеруіне әкелді. Бірақ сол кездегі республиканың ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайының кері әсері болды. Мақалада тәуелсіз Қазақстанда жоғары білімді таңдаудағы жастардың тәжірибелері зерттелінеді. Сапалық зерттеудің негізгі нәтижелері ұсынылған.
Түйін сөздер: жоғары білім беру, жастар тәжірибелері, экономикалық барьерлер, жоғары білімді таңдау, кәсіби таңдау.









