Деректер тапшылығынан олардың молшылығына: үлкен деректер, жасанды интеллект және әлеуметтік ғылымдардағы білім өндірудің трансформациясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20994926Аңдатпа
Мақалада үлкен деректердің, машиналық оқытудың және жасанды интеллекттің кеңінен таралуы жағдайында қазіргі әлеуметтік ғылымдардағы деректерге негізделген зерттеулердің (data-driven research) дамуы қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – ғылыми жарияланымдар белсенділігінің динамикасын, аталған бағыттың тақырыптық құрылымын және цифрлық технологиялардың әдіснамалық әрі эпистемологиялық шектеулеріне қатысты сыни дискурстың таралу деңгейін талдау. Зерттеудің эмпирикалық негізін Scopus деректер базасында индекстелген, 1995–2025 жылдар аралығында жарияланған ағылшын тіліндегі 3779 ғылыми мақала құрады. Зерттеу барысында библиометриялық талдау, табиғи тілді өңдеу әдістері (NLP), Дирихленің латентті орналастыру моделіне (LDA) негізделген тақырыптық модельдеу, биграммаларды талдау және арнайы құрастырылған сөздік арқылы сыни мәселелерді анықтау әдістері қолданылды. Деректер сапасы, өлшемдердің валидтілігі, алгоритмдік біржақтылық және генеративті жасанды интеллектіні қолданумен байланысты тәуекелдер қарастырылды. Зерттеу нәтижелері 2010 жылдардан бастап ғылыми жарияланымдар санының қарқынды өскенін және тақырыптық басымдықтардың үлкен деректерден машиналық оқыту мен жасанды интеллектке қарай өзгергенін көрсетті. Тақырыптық модельдеу ұқсас аналитикалық тәсілдердің қолданылуына қарамастан, зерттеу саласының тақырыптық тұрғыдан әркелкі екенін анықтады. Сыни дискурстың белгілері әртүрлі тақырыптық бағыттарда кездескенімен, олардың таралу деңгейі шектеулі болып қалуда: 2024 жылы мұндай жарияланымдар жылдық жиынтықтың 9,2%-ын, ал 2025 жылы 9,0%-ын құрады. Алынған нәтижелер зерттеулер санының артуы тақырыптық фрагментациямен және сыни рефлексия белгілері анықталған жарияланымдардың салыстырмалы түрде аз үлесімен қатар жүретінін көрсетеді. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы деректерге негізделген зерттеулердің даму динамикасы мен тақырыптық құрылымын жүйелеуде, ал практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді әлеуметтік зерттеулердің әдіснамасын жетілдіруде және деректерді талдау әдістерін оқытуда пайдалану мүмкіндігінде көрінеді. Сонымен қатар терминдердің кездесу жиілігін талдау сыни рефлексияның тереңдігін немесе әлеуметтік ғылымдардың теориялық интеграциялану дәрежесін тікелей бағалауға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайды алынған нәтижелерді түсіндіру және зерттеудің жалпы қорытындыларын тұжырымдау барысында ескеру қажет.
Түйін сөздер: үлкен деректер, жасанды интеллект, датафикация, машиналық оқыту, сыни рефлексия, цифрландыру.









