Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі гендерлік рөлдердің трансформациясы және қазіргі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20994826Аңдатпа
Мақалада Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі гендерлік рөлдердің өзгеруі әлеуметтік-мәдени контекст тұрғысынан қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – өңір тұрғындарының гендерлік ұстанымдарын сипаттау, отбасылық міндеттерді бөлудің басым үлгілерін анықтау және әйелдердің қоғамдық белсенділігіне қатысты көзқарастарды бағалау. Зерттеу аралас әдіснамаға негізделді: сауалнамаға 750 респондент, ал екі фокус-топ пен алты сараптамалық сұхбатқа барлығы 31 адам қатысты. Сандық деректер IBM SPSS Statistics бағдарламасы арқылы өңделіп, сапалық материалдарға тақырыптық талдау жүргізілді. Алынған нәтижелер сауалнамаға қатысқан респонденттер арасында гендерлік рөлдерге қатысты дәстүрлі және эгалитарлық түсініктердің қатар сақталып отырғанын көрсетеді. Респонденттердің 51,5%-ы гендерлік рөлдер айтарлықтай немесе түбегейлі өзгерді деп есептесе, 26,5%-ы өзгерістерді ішінара деп бағалаған. Отбасылық міндеттердің өзара келісім негізінде тең бөлінетінін респонденттердің 46,8%-ы атап өтсе, міндеттердің дәстүрлі бөлінісін көрсететін жауаптардың жиынтық үлесі 41,6%-ды құрады. Әйелдердің қоғамдық белсенділігін қалыпты немесе қоғам біртіндеп қабылдап келе жатқан құбылыс ретінде бағалағандардың үлесі 45,9%-ды құраса, 24,1%-ы дәстүрлі шектеулерді қолдаған. Осылайша, өңірдегі гендерлік қатынастардың трансформациясын дәстүрден толық бас тарту ретінде емес, күнделікті өмірде міндеттер мен жауапкершіліктерді өзара келісу үдерісі ретінде қарастырған орынды. Өңірлік гендерлік және отбасылық саясатты әзірлеу барысында тұрғындардың жас ерекшеліктерін, тұрғылықты жерін және әлеуметтік тәжірибесіндегі айырмашылықтарды ескеру қажет.
Түйін сөздер: әлеуметтік рөл, гендерлік рөл, әлеуметтік өзгерістер, дәстүрлі қоғам, гендерлік стереотиптер, отбасылық қатынастар.









