Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеудегі отбасығабағдарланған тәсіл (Қарағанды қаласы мысалында)
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20269838Аңдатпа
Отбасына бағдарланған тәсіл мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеудің тиімді бағыттарының бірі болып табылады. Оны қолдану ата-аналардың құзыреттілігін арттыруға, отбасының баланың даму үдерісіне белсенді қатысуына және өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Зерттеудің мақсаты – Қарағанды қаласының мысалында отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеуде отбасына бағдарланған тәсілді қолданудың тиімділігін зерттеу. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы Қазақстандағы әлеуметтік жұмыс тәжірибесінде аталған модельді қолдану туралы эмпирикалық деректердің алынуымен анықталады. Зерттеуге эксперименттік (n = 10) және бақылау (n = 10) топтарына бөлінген 20 отбасы қатысты. Бағдарламаның тиімділігі интервенцияға дейін және одан кейін ата-аналар арасында сауалнама жүргізу арқылы бағаланды. Сауалнама бес балдық Лайкерт шкаласы бойынша бағаланатын 20 тұжырымнан тұрды. Деректерді талдау үшін салыстырмалы талдау және Спирменнің рангтік корреляция коэффициенті қолданылды. Нәтижелер бағдарламаны іске асырғаннан кейін эксперименттік топта ата-аналардың баланың даму үдерісіне қатысу белсенділігінің артқанын, күнделікті өмір жағдайларында дамытушы әрекеттерді жүйелі қолдану жиілігінің жоғарылағанын, сондай-ақ балалардың коммуникативтік және әлеуметтік дағдылары мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларының жақсарғанын көрсетті. Зерттеудің құндылығы отбасына бағдарланған тәсілді отандық әлеуметтік жұмыс тәжірибесі жағдайында пилоттық апробациялаумен айқындалады. Алынған нәтижелер отбасына бағдарланған тәсілдің тиімділігін растайды және оны отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу тәжірибесіне енгізудің орындылығын негіздейді.
Түйін сөздер: отбасына бағдарланған тәсіл, әлеуметтік сүйемелдеу, мүмкіндігі шектеулі балалар, ведомствоаралық өзара байланыс, жеке сүйемелдеу жоспары.









