Көші-қон процестерін модельдеу мен болжауда кейс-талдау әдісін қолдану мүмкіндіктері: Қазақстан мысалында

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JPsS20994526

Аңдатпа

Көші-қон процестері сыртқы күйзелістерге, мемлекеттік саясаттағы өзгерістерге және адамдардың жеке шешімдеріне тез жауап беретіндіктен, оларды тек уақыттық қатарлар сүйеніп болжау елеулі қателіктерге әкелуі мүмкін. Мақаланың мақсаты – кейс әдісінің көші-қон процестерін ғылыми модельдеу мен болжаудағы орны мен мүмкіндіктерін негіздеу және кейстерге сүйенген болжау моделін ұсыну. Жұмыста кейс әдісінің құқықтық және бизнес-білім беруден бастау алып, әлеуметтік ғылымдардағы зерттеу стратегиясына айналу жолы қарастырылады. Жұмыстың ғылыми маңызы кейс әдісін көші-қонды болжау әдіснамасымен байланыстырып, сапалық талдау мен статистикалық модельдерді біріктіретін тәсілді негіздеуінде, ал практикалық маңызы өңірлік көші-қон саясатын жоспарлауға арналған талдау құралын ұсынуында. Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы кейс-талдау, процестік қадағалау (process tracing), прецеденттерге негізделген пайымдау (case-based reasoning) және сценарийлік талдау құрайды. Эмпирикалық база ретінде Қазақстанның төрт көші-қон кейсі алынды: ірі агломерацияларға бағытталған ішкі көші-қон, қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру, 2022 жылғы күзгі релоканттар толқыны және сыртқы көші-қон сальдосының оң мәнге ауысуы. Әр кейстегі ығыстырушы, тартушы, институционалдық, желілік және шоктық факторлар кодталып, олардың ықтимал әлеуметтік салдары салыстырылды. Нәтижесінде бес кезеңнен тұратын кейс-факторлық болжау моделі ұсынылды, ол кейстер базасын, ұқсастық өлшемін, аналогтар бойынша түзету параметрін және сценарийлерді біріктіреді. Модель статистикалық әдістерді алмастырмайды, бірақ олар толық ескермейтін құрылымдық үзілістер мен саяси шешімдердің әсерін болжамға енгізуге мүмкіндік береді. Модельдің тиімділігі нақты деректер негізінде әлі тексерілген жоқ, сондықтан ол әрі қарай тексеруді қажет ететін әдістемелік ұсыныс ретінде беріледі. Зерттеудің құндылығы кейс әдісін сипаттамалық құралдан болжамдық құралға айналдыруға бағытталған нақты рәсімді ұсынуында. Тексеруден кейін нәтижелерді өңірлік әкімдіктер, еңбек және көші-қон саясатын әзірлейтін органдар, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы оқу бағдарламалары пайдалана алады.

Түйін сөздер: кейс әдісі, көші-қон, көші-қон факторлары, болжау, модельдеу, сценарийлік талдау, Қазақстан.

Автор өмірбаяндары

  • Д. Исина, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

    (корреспондент-автор) – «8D03101 – Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының PhD докторанты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана, Қазақстан, e-mail: issinadinara23@gmail.com)

  • А. Жансейтов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Астана, Қазақстан

    қауымдастырылған профессор м.а., Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (Астана, Қазақстан, e-mail: a.zhanseitov@apa.kz)

Жарияланды

2026-11-19