Жұмыс уақытынан тыс цифрлық қосылу операционализациялау: авторлық әдістемесін әзірлеу және бастапқы апробациялау

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JPsS20994126

Аңдатпа

Цифрлық технологиялардың дамуы және белгіленген жұмыс уақытынан тыс кәсіби коммуникация тәжірибесінің кеңеюі қызметкерлердің еңбек қызметі мен жеке өмірі арасындағы шекаралардың өзгеруімен қатар жүреді. Осыған байланысты қызметкерлердің цифрлық қатысу деңгейін және жұмыстан тыс уақытта кәсіби коммуникацияны бақылау қабілетін бағалауға мүмкіндік беретін психодиагностикалық құралдарды әзірлеу ерекше маңызға ие. Зерттеудің мақсаты – жұмыс уақытынан тыс цифрлық қосылуды және цифрлық шекараларды субъективті бақылауды бағалауға арналған авторлық сауалнаманы әзірлеу және бастапқы психометриялық апробациядан өткізу. Зерттеудің теориялық негізін ресурстарды сақтау теориясы, шекаралар теориясы, «күш жұмсау – қалпына келу» моделі және өзін-өзі детерминациялау теориясы құрады. Эмпирикалық зерттеу 18–67 жас аралығындағы 95 респонденттің қатысуымен анонимді онлайн сауалнама әдісі арқылы жүргізілді. Әзірленген сауалнама екі шкалаға біріктірілген 10 тұжырымнан тұрады. Психометриялық сипаттамаларды бағалау үшін Кронбах альфасы мен омега коэффициенттері, Бартлетттің сфералық критерийі, Кайзер–Мейер–Олкин көрсеткіші және эксплораторлық факторлық талдау қолданылды. Нәтижелер цифрлық қосылу (α = 0,764) және цифрлық шекараларды бақылау (α = 0,750) шкалаларының ішкі келісімділігі қолайлы деңгейде екенін көрсетті. Анықталған екі факторлы құрылым дисперсияның 45,2 %-ын түсіндірді, алайда екі тармақ қосымша психометриялық тексеруді қажет етеді. Цифрлық қосылу мен цифрлық шекараларды бақылау көрсеткіштері арасында теріс корреляция анықталды (r = −0,31). Зерттеудің ғылыми құндылығы жұмыс уақытынан тыс цифрлық қосылудың психологиялық мазмұнын нақтылауда және өзара байланысты екі сипаттаманы жеке өлшеуге арналған құралды әзірлеуде көрінеді. Нәтижелердің практикалық маңыздылығы әдістемені ұйымдық мінез-құлықты зерттеуде, цифрлық коммуникация ерекшеліктерін диагностикалауда және кәсіби стресстің алдын алу шараларын әзірлеуде болашақта қолдану мүмкіндігімен анықталады. Алынған деректер сауалнаманың валидтілігі мен сенімділігін неғұрлым ауқымды іріктемелерде одан әрі тексеруге негіз болады.

Түйін сөздер: жұмыс уақытынан тыс цифрлық қосылу, цифрлық шекаралар, кәсіби коммуникация, ұйымдық психология, психометриялық диагностика, өзін-өзі реттеу.

Автор өмірбаяндары

  • Г. Даулетова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан

    (корреспондент-автор) – «8D03107-Психология» білім беру бағдарламасының PhD докторанты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы, Қазақстан, е-mail: dauletova_gulnaz@live.kaznu.kz)

  • М. Кабакова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан

    психология ғылымдарының кандидаты, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессор-зерттеушісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы, Қазақстан, е-mail: maira.kabakova@kaznu.kz)

  • З. Садвакасова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан

    педагогика ғылымының кандидаты, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы, Қазақстан, e-mail: zuhrasad2@mail.ru)

  • А. Исимова, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Ақтау, Қазақстан

    педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (Ақтау, Қазақстан, e-mail: isimova78@bk.ru)

Жарияланды

2026-11-19