ЖАҢА СИНТЕТИКАЛЫҚ ПСИХОТРОП ЗАТТАРҒА (ЖСПЗ) ҚАТЫНАС ШКАЛАСЫ: ВАЛИДТІЛІК ЖӘНЕ СЕНІМДІЛІК ЗЕРТТЕУІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS.2023.v87.i4.012Аннотация
Бұл мақалада Aksoy (2006) құрастырған жаңа синтетикалық психотроп заттарға қатынасты анықтайтын шкаланың бейімделуі бойынша зерттеу нәтижелері ұсынылған. Зерттеудің негізгі мақсаты – шкаланы қазақ мәдениетіне бейімдеу. Зерттеу барысында шкала құрылымының тілі, мазмұны және сенімділігі тексерілді. 18 бен 25 жас аралығындағы отандық жоғары оқу орындарының студенттері (n=484) арасында шкаланың валидтілігі мен сенімділігін анықтауға бағытталған сандық әдіс арқылы зерттеу жүргізілді. Кайзер-Мейер-Олкин (КМО) және Бартлетт тестінің нәтижелері (KMO = 0,97; Бартлетт тесті = χ² = 11910,143; p <0,05) деректердің факторлық талдауға жарамды екенін көрсетті. Зерттеу факторын талдау барысында жалпы дисперсияның 56,75% анықталып, оң және теріс мәлімдемелерді қамтитын екі фактор қалыптасты. Факторлық талдау нәтижесінде өлшеу нәтижелерінің сенімділігін анықтау үшін есептелген Cronbach Alpha (α) және McDonald's omega (ω) сенімділік коэффициенттері жоғары болып, ЖСПЗ-ға қатынас шкаласының қазақ мәдениетіне сәйкес келетін валидті және сенімді өлшеу құралы екені анықталды. Зерттеу құралын болашақта синтетикалық есірткіге қатысты жастардың мінез-құлқына ұқсас зерттеулер жүргізу үшін қолдануға болады. Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы - ЖСПЗ-ға қатынасты анықтау құралын дайындау және зерттеуді жүргізу қазіргі қоғамдағы синтетикалық есірткіге қарсы күрес мәселелерін шешу кезеңдерінің алғышарты болады.
Түйінді сөздер: ЖСПЗ, шкаланы бейімдеу, валидтілік, сенімділік, факторлық талдау.