Мектептегі немқұрайлылықтың психологиялық факторлары
DOI:
10.26577/JPsS20269724Аңдатпа
Білім беру ортасының трансформациялануы және жасөспірімдердің психологиялық осалдығының артуы жағдайында мектептегі немқұрайлылық мәселесі оқу бейімделмеушілігімен байланысты көпдеңгейлі құбылыс ретінде ерекше өзектілікке ие болып отыр. Зерттеудің мақсаты – жоғары сынып оқушылары арасындағы мектептегі немқұрайлылықтың психологиялық факторларын анықтау және академиялық мотивация түрлері мен мектептегі немқұрайлылық арасындағы байланыста жауапкершіліктің медиаторлық рөлін айқындау. Зерттеудің негізгі бағыты академиялық шеттелудің мотивациялық және реттеуші механизмдерін талдаумен байланысты. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы мектептегі немқұрайлылық құрылымындағы ішкі реттеуші механизм ретінде жауапкершіліктің рөлін нақтылауда көрінеді. Практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді оқушыларды психологиялық қолдау бағдарламаларын әзірлеу барысында пайдалану мүмкіндігімен анықталады. Зерттеу әдіснамасы 7–11-сыныптарда оқитын 352 оқушының қатысуымен жүзеге асырылған сандық зерттеу дизайнына негізделді. Зерттеуде Мектепке тартылудың көпөлшемді шкаласы, Академиялық мотивацияның қысқаша шкаласы және «Жасөспірімдердің жауапкершілігі» сауалнамасы сияқты валидтелген әдістемелер қолданылды. Статистикалық талдау Jamovi бағдарламасы мен MedMod модулін пайдалана отырып жүргізілген корреляциялық және медиаторлық талдауды қамтыды. Зерттеу нәтижелері жауапкершіліктің академиялық мотивацияның ішкі түрлері мен мектептегі немқұрайлылық арасындағы байланыста маңызды медиаторлық қызмет атқаратынын көрсетті. Зерттеудің құндылығы мектептегі немқұрайлылықты мотивациялық және реттеуші факторлардың өзара әрекеттесуінің нәтижесі ретінде түсіндіруді кеңейтуде, сондай-ақ жауапкершілікті оқу мотивациясын интернализациялау механизмі ретінде негіздеуде жатыр. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы мектептегі немқұрайлылықтың алдын алу жұмыстары тек ішкі мотивацияны дамытуға ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жауапкершілігі мен өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы тиіс екенін көрсетеді.
Түйін сөздер: мектептегі немқұрайлылық, академиялық мотивация, жауапкершілік, өзін-өзі реттеу, медиаторлық талдау, жасөспірімдер.









