Жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауы және дене бітіміне қатынасы: өзара байланысын талдау
DOI:
10.26577/JPsS20269723Аңдатпа
Жасөспірім шақ – адам өміріндегі ерекше бір кезең: дене де, жан да, қоғамдағы орын да бір мезгілде өзгереді. Осы толқыған кезде жеке тұлға өз болмысын, соның ішінде өзінің сыртқы келбетіне деген көзқарасын қалыптастырады. Зерттеу жасөспірімнің дене бітімін қабылдауы мен өзіне-өзі баға беруі арасындағы өзара тәуелділікті зерделеуге арналған. Зерттеу мақсаты: 11-16 жас арасындағы жасөспірімдердің өзін-өзі бағалауы мен дене бейнесінің байланысын анықтау, жыныс, жас, отбасы құрамы сияқты факторлардың осы байланысқа тигізетін ықпалын бағалау. Зерттеу Эриксонның тұлғалық сәйкестік теориясы мен Фестингердің әлеуметтік салыстыру теориясы аясында дамыту психологиясының теориялық базасын эмпирикалық деректермен толықтырады. Қазақстандық жасөспірімдер арасында бұл тақырып бойынша бұрын жинақталмаған жаңа мәліметтер алынды. Зерттеуге 115 жасөспірім (M=13.47, SD=1.58; 51.3% қыздар) қатысты. Розенбергтің өзін-өзі бағалау шкаласы (α=0.88) мен Скугаревский және Сивуханың дене бейнесі сауалнамасы (α=0.92) қолданылды. Деректер Пирсон корреляциясы, сызықтық регрессия, Стьюдент t-критерийі және ANOVA арқылы талданды. Дене бейнесі мен өзін-өзі бағалау арасында статистикалық мәнді күшті теріс байланыс анықталды (r=-0.715, p<0.001). Дене бейнесі өзін-өзі бағалаудың 51.1%-ын болжайды (R²=0.511, F=117.32, p<0.001). Жыныс, жас, отбасы құрамының тікелей әсері байқалмады (p>0.05), дегенмен қыздарда (M=28.85 vs. M=26.96, p=0.073) және үлкен жастағы жасөспірімдерде (r=0.167, p=0.074) дене бітімін сыни бағалауға бейімділік байқалды. Дене бітімін жағымсыз қабылдау жасөспірімнің өзіне-өзі төмен баға беруінің басты себебі болып табылады. Когнитивті-мінез-құлықтық терапия, өзін-өзі қабылдауға үйрету тренингтері, ата-аналармен жұмыс, медиасауаттылықты дамыту бағыттарын қамтыған психологиялық қолдау бағдарламаларын мектеп деңгейінде жүзеге асыру қажет. Нәтижелер Қазақстан мектептері мен педагог-психологтарға арналған кешенді алдын алу және араласу бағдарламаларын жасауға негіз бола алады.
Түйін сөздер: өзін-өзі бағалау, дене бейнесі, жасөспірімдер, отбасылық жағдай, жыныс, жас, әлеуметтік факторлар, психоэмоционалдық жағдай, психологиялық көмек.









