Посттравмалық стресспен байланысты когнитивтік бұрмаланулар мен эмоциялық дисрегуляция гемблингтік мінез-құлықтың қалыптасу факторлары ретінде
DOI:
10.26577/JPsS20269726Аңдатпа
Гемблингтік мінез-құлық қазіргі уақытта когнитивтік, эмоциялық және мінез-құлықтық факторлардың өзара ықпалы нәтижесінде қалыптасатын кең таралған мінез-құлықтық аддиктивті бұзылыстардың бірі ретінде қарастырылады. Психотравмалық тәжірибенің салдары ішкі күйзелісті еңсерудің дезадаптациялық тәсілдерінің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін болғандықтан, посттравмалық стресстің рөлін зерттеу ерекше өзектілікке ие. Зерттеудің мақсаты – гемблингтік мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал ететін посттравмалық стресспен байланысты когнитивтік бұрмалануларды, эмоциялық дисрегуляцияны және басқа да психологиялық факторларды анықтау. Зерттеудің әдіснамалық негізін сандық және сапалық әдістерді біріктіретін аралас зерттеу дизайны құрады. Зерттеуге ойын бұзылысы диагнозы қойылған клиникалық топ пен құмар ойындарға субклиникалық деңгейде тартылған бақылау тобынан құралған 100 респондент қатысты. Зерттеу нәтижелері ойын бұзылысы бар тұлғалардың бақылау иллюзиясы, ойыншы қатесі және магиялық ойлау сияқты когнитивтік бұрмалануларының жоғары деңгейімен, сондай-ақ айқын импульсивтілікпен, эмоцияларды реттеудегі қиындықтармен және алекситимияның жоғары деңгейімен сипатталатынын көрсетті. Алынған деректер гемблингтік мінез-құлықты тек марапат іздеу түрі ретінде ғана емес, сонымен қатар травмалық тәжірибемен байланысты ішкі дистрессті реттеудің дезадаптациялық стратегиясы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің құндылығы посттравмалық стресстің гемблингтік мінез-құлықтың қалыптасуындағы маңызды фактор ретіндегі рөлін эмпирикалық тұрғыдан негіздеуде және ойын тәуелділігінің механизмдерін түсіндірудегі травма-ақпараттандырылған тәсілді дамытуда жатыр. Алынған нәтижелер мінез-құлықтық аддикциялар, эмоциялық реттелу және психотравманың салдары жөніндегі заманауи зерттеулердің дамуына үлес қосады. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы ойын тәуелділігінің белгілері бар тұлғаларға арналған ерте скрининг, профилактика және психологиялық көмек жүйелеріне травма-ақпараттандырылған тәсілдерді енгізу қажеттілігін негіздеумен байланысты. Когнитивтік және эмоциялық осалдықтарды, сондай-ақ посттравмалық стресс симптомдарын ерте анықтау тұрақты аддиктивті мінез-құлық үлгілерінің қалыптасу қаупін төмендетуге және гемблингтік мінез-құлықтың жағымсыз психологиялық әрі әлеуметтік салдарын азайтуға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: ойын бұзылысы, импульсивтілік, алекситимия, посттравмалық стресс, травма-ақпараттандырылған тәсіл.









