Дағдарыс орталықтары қызметкерлерінің кәсіби құндылықтары
DOI:
10.26577/JPsS202697210Аңдатпа
Мақала тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін дағдарыс орталықтары қызметкерлерінің кәсіби құндылықтарын зерттеуге арналған. Зерттеудің мақсаты – дағдарыс орталықтары қызметкерлерінің негізгі кәсіби құндылықтарын анықтау, жәбірленушілерді сүйемелдеу тәжірибесінде туындайтын типтік этикалық дилеммаларды талдау, сондай-ақ кәсіби қағидалардың күнделікті қызметте жүзеге асуына әсер ететін ұйымдық және жүйелік факторларды айқындау. Зерттеудің әдіснамалық негізін сапалық зерттеу дизайны құрады. Эмпирикалық база Алматы және Қарағанды қалаларындағы дағдарыс орталықтарының жеті маманымен жүргізілген тереңдетілген жартылай құрылымданған сұхбаттарды қамтиды. Деректерді талдау кәсіби құндылықтар, этикалық дилеммалар, көмек көрсету тәжірибелері және жүйелік кедергілер сияқты төрт аналитикалық блок бойынша кодтауға негізделген тақырыптық талдау әдісі арқылы жүзеге асырылды.
Зерттеу нәтижелері дағдарыс орталықтары қызметкерлерінің негізгі кәсіби бағдары клиенттер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін көрсетті. Кәсіби тәжірибеде травмаға сезімтал және айыптамаушы емес тәсіл, клиент автономиясын құрметтеу, құпиялылықты сақтау, кәсіби шекараларды ұстану, командалық өзара әрекеттестік пен супервизия сияқты құндылықтардың тұрақты көрініс табатыны анықталды. Зерттеудің құндылығы кәсіби құндылықтардың дағдарыстық көмек көрсету тәжірибесінде қалай жүзеге асатынын және ұйымдық ортаның кәсіби шешімдердің сапасына қалай әсер ететінін эмпирикалық тұрғыдан сипаттауында жатыр. Жұмыс кәсіби этика, дағдарыстық интервенция және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы әлеуметтік жұмыс зерттеулерінің дамуына үлес қосады. Нәтижелердің практикалық маңызы оларды дағдарыс орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеуде, көмек көрсету стандарттарын жетілдіруде, супервизиялық қолдау жүйесін енгізуде және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді ведомствоаралық сүйемелдеудің неғұрлым тұрақты моделін қалыптастыруда қолдану мүмкіндігімен анықталады.
Түйін сөздер: тұрмыстық зорлық-зомбылық, дағдарыс орталықтары, кәсіби құндылықтар, этикалық дилеммалар, қауіпсіздік, құпиялылық.









