Медиа құралдарының әлеуметтік шиеленісті қалыптастырудағы рөлі: дискурстық талдау
DOI:
10.26577/JPsS20269729Аңдатпа
Полиэтностық жағдайдағы ұлттық бірегейлік, тіл саясаты, экономикалық және саяси егемендік мәселелері қоғамдық пікір мен әлеуметтік динамиканы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстандағы әлеуметтік шиеленіс деңгейі мен қақтығыс әлеуетіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ұлтшылдық болып табылады. Соңғы жылдары ұлтшылдық көзқарастардың күшеюі экономикалық мәселелермен, демографиялық құрылымдағы өзгерістермен, көші-қон процестерімен және геосаяси жағдайдың ауысуымен байланысты. Бұл үрдіс әсіресе медиа кеңістікте айқын көрініс табуда, мұнда ұлтшылдық көбіне қоғамның поляризациясына алып келеді. Мақаланың мақсаты – Қазақстандағы қақтығыс әлеуетінің қалыптасуында медиадағы ұлтшылдық дискурсының ықпалын талдау. Зерттеу медиада, соның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға дискурс-талдау жүргізуді қамтиды. Эмпирикалық деректер базасы 2024 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында жарияланған материалдарға негізделген. Зерттеудің басты назарында – елдегі ұлтшылдықтың трансформациясы және оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени контексттердегі көрініс табуы. Талдау көрсеткендей, ұлтшылдық көзқарастар көбінесе нақты резонанстық оқиғаларға жауап ретінде күшейе түседі және олар БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де көрініс табады. Зерттеу ұлтшылдық дискурсының таралуындағы негізгі үрдістерді айқындауға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер медиа құралдарының әлеуметтік шиеленісті қалыптастырудағы рөлін тереңірек түсінуге ықпал етеді. Зерттеу қорытындылары қоғамдағы қақтығыс әлеуетін әрі қарай зерделеуге, сондай-ақ ақпараттық үдерістерді басқару стратегияларын әзірлеуге пайдалы болуы мүмкін.
Түйін сөздер: қақтығыс әлеуеті, ұлтшылдық, медиадағы риторика, медианың рөлі, дискурстық талдау.









