Нейротехнологияларды қолдану арқылы жарақат психотерапиясының заманауи тәсілдері: эксперименттік зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS20259542Аннотация
Мақалада заманауи нейротехнологияларды қолдану арқылы психологиялық жарақат психотерапиясының тиімділігін зерттеуге арналған эксперименттік жұмыс нәтижелері келтірілген. Зерттеудің мақсаты – когнитивті-мінез-құлық және гештальт-терапия тәсілдерінің ми белсенділігінің динамикасына, психоэмоциялық реттелуіне және қатысушылардың ішкі күйзеліс деңгейіне әсерін анықтау. Зерттеу психотерапиялық процестің тиімділігін субъективті деректермен қатар, объективті нейрофизиологиялық көрсеткіштер негізінде бағалауға бағытталды. Эксперимент барысында электроэнцефалографиялық (ЭЭГ) гарнитура көмегімен психотерапиялық сессияларға дейін, барысында және кейін альфа және бета ырғақтарындағы өзгерістер тіркелді. Зерттеуге жоғары стресс пен мазасыздық деңгейі бар және балалық шақтағы қолайсыз тәжірибе индексі (ACE ≥ 3) бар 12 қатысушы қатысты. Әрбір қатысушы екі–үш апта ішінде алты жеке психотерапиялық сессиядан өтті. Қатысушылардың субъективті күйін бағалау үшін Визуалды-аналогтық көңіл-күй шкаласы (VAMS) қолданылды. Алынған нәтижелер альфа белсенділігінің артуын, бета белсенділігінің төмендеуін, мазасыздықтың азаюын және сенімділіктің жоғарылауын көрсетті. Эмоционалдық тепе-теңдік пен өзін-өзі реттеу дағдыларының нығаюы байқалды. Зерттеу нәтижелері нейротехнологияларды психотерапиялық тәжірибеге енгізудің тиімділігін дәлелдеп, психологиялық жарақаттан кейінгі қалпына келуді бағалаудың ғылыми негізделген, объективті және дараланған тәсілдерін дамытуға мүмкіндік беретіні анықталды. Зерттеудің маңыздылығы ЭЭГ мониторингін психотерапиялық әдістермен біріктіру тиімділігін көрсетуінде, бұл психологиялық травмаға арналған араласуларды объективті бағалауға және жеке ерекшеліктерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер нейротехнологияларды диагностиканың дәлдігін арттыруға, эмоционалды реттеуді жақсартуға және қатысушылардың ұзақ мерзімді қалпына келуін қолдауға қолдану перспективаларын растайды.
Түйін сөздер: жарақат психотерапиясы, нейротехнологиялар, электроэнцефалография, когнитивті-мінез-құлық терапиясы, гештальт-терапия, ми ырғағы, психоэмоциялық күй, ЭЭГ-гарнитура, нейрофидбэк.
