Халықтың көші-қонын зерттеудегі негізгі әлеуметтанулық көзқарастарды жіктеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/JPsS.2019.v69.i2.012Аңдатпа
XXI ғасыр түбегейлі әлеуметтік және тарихи оқиғалар мен өзгерістерге толы дәуір, индустрияландыру мен жаһанданудың қоғамға тигізетін әсері терең, жаһандық сананың қалыптасу кезеңі. Жаңа дәуірдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық және тарихи өзгерістер көші-қонның көлемі мен сипатына ықпал етуде. Көші-қон әлеуметтік процесс және әлеуметтік өзгеріс ретінде терең зерттеулерді қажет етеді.
Мақалада көші-қонды зерттейтін әлеуметтанулық теорияларға талдау жасалынып, олар көші-қон процесін түсіндіру бағытына қарай топтастырылған және жіктелген.
Мақаланың мақсаты - көші-қон феноменін түсіндіретін ғылыми еңбектерге шолу жасау және көші-қонның әлемдік теорияларын әлеуметтанулық парадигмалар тұрғысынан топтастыру. Әлемдік көші-қон теорияларын әлеуметтанулық ғылыми мектептер тұрғысынан синтездеу көші-қон феноменін әлеуметтанулық тұрғыдан сипаттауға, түсіндіруге және зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаһандық миграцилық тенденциялардың қазіргі қазақстандық көші-қон саласындағы ахуалға тигізіп отырған әсеріне сыни талдау жасалынады.
Мақаланы жазу барысында авторлар, халықтың көші-қоны мәселесіне қатысты негізгі теорияларды әлеуметтану ғылымындағы негізгі парадигмаларға топтастыру және жіктеу әдістерін қолданды.
Қазіргі әлеуметтану ғылымында көші-қон құбылысын түсіндіру және талдауға теориялық тұрғыда негіз болатын, бірін-бірі толықтыратын қоғамдағы әлеуметтік құбылыстар мен процестерді макро- және микродеңгейде түсіндіретін бірқатар ғылыми парадигмалар бар. Солардың біріншісі, қоғамдық жүйені алдыңғы орынға қоятын құрылымдық-функционалдылық көзқарас. Құрылымдық-функционалдылық парадигмасы көші-қонды әлеуметтік құбылыс және әлеуметтік процесс ретінде макродеңгейде қарастырып, көші-қонның себебі қоғамдағы негізгі жүйелердің, соның ішінде экономикалық жүйенің даму деңгейіне байланысты деп түсіндіреді.
Көші-қонның себептерін микродеңгейде түсіндіретін зерттеулер негізінен әлеуметтанушыларға тиесілі.
Бұл теориялардың ерекшелігі – белгілі-бір нақты жағдайға байланысты жасалатын тұлғааралық қарым-қатынастардың ерекшеліктерін түсіндіру, яғни адам, оның іс-әрекеті мен мінез-құлқы, күнделікті өмірдегі әлеуметтік қарым-қатынастары басты орынға қойылады.
Көші-қоннның себебін түсіндіретін үшінші топтағы теорияларды интегративті бағыттағы парадигмаларға жатқызамыз, яғни олар көші-қонның себебін құрылымдық және тұлғалық деңгейде, екіжақты қарастырды.
Интегративті парадигмалар әлеуметтік шындықты объективті және субъективті, құрылымдық және динамикалық, қоғамдық және тұлғалық тұрғыдан бірдей алып талдайды. Бұл теориялар көші-қонға құрылымдық жүйелердің даму деңгейінің де және тұлғалық-индивидуалды факторлардың да әсерінің маңыздылығын зерттеуді бірдей қарастыратын миграциология ғылымы саласындағы жаңа теориялар.
Авторлар көші-қонды түсіндіретін алдыңғы қатарлы теорияларды талдай келе, көші-қон теорияларын П.Штомпканың қоғамдық құрылымды түсіндіретін төрт деңгейлі моделіне сүйене отырып жіктеуді ұсынады.
Түйін сөздер: көші-қон, ауылдан қалаға көшіп-қону факторлары, құрылымдық-функционалды талдау, әлеуметтік өзгерістер, жаһанданудың көші-қонға ықпалы.
